×

Тасқыннан жиналған 12 млрд текше метр су қайда жіберілді

Биыл Астана су қоймасын толтыру көрсеткіші 99,6%-ға жетті

 Динара Амантай 12.08.2024 | 11:56
Фото: видеодан скриншот

Биыл тасқыннан жиналған 12 млрд текше метр су Каспий теңізі мен Балқаш көліне жіберілді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, биыл еліміздің су қоймаларына 75 миллиард текше метр су жиналған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 миллиард текше метрге артық. Жиналған судың 12 миллиардтан астамы – тасқын суы.

Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері Балқаш көліне 3,3 млрд текше метр, Каспий теңізіне шамамен 7,4 млрд текше метр су жіберілді. Балқаш көлінің орташа су деңгейі 23 сантиметрге көтеріліп, 182 сантиметрге жетті. БҚО-ның Қамыс-Самар көлдеріне 80 млн текше метр су барған, сондай-ақ Ұлытау облысынан Қызылорда облысының көлдер жүйесіне су жіберілді. Тобыл өзеніне 2000 жылдан бері алғаш рет қарқынды су ағыны байқалды. Қостанай облысында Тобыл өзенінің ірі су қоймалары тасқын суын қауіпсіз өткізуді қамтамасыз ете отырып, 92% су жинады, – делінген министрлік хабарламасында.

Жиналған тасқын суы негізінен ауылшаруашылығы мен өнеркәсіпте пайдаланылады. Сондай-ақ, лимандар мен шабындықтарға бағытталған тасқын суы мал шаруашылығын қажетті жем-шөп қорымен қамтамасыз етуге оң әсер етеді.

Астана су қоймасын тасқын суымен толтыру 2 млрд теңгеге дейін қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді. Былтыр Астана су қоймасындағы су көлемі қаланы ауыз сумен толық қамтамасыз етуге жетпеді, сондықтан су қоймасын Қаныш Сәтбаев атындағы каналдан қосымша толтыруға тура келді. Биыл Астана су қоймасын толтыру көрсеткіші – 99,6%. Бұл жыл бойы елорда тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ Есіл өзенінің гидрологиялық жай-күйін жақсарту мүмкіндік береді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама