Қайрат Сатыбалдының ісі: Қазақстанға 732,8 млрд теңгенің активтері қайтарылды
Оның резиденциясы Астана қаласының білім басқармасына берілді
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлының ісі бойынша мемлекетке 732,8 млрд теңгенің активін қайтарды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Антикордың мәліметінше, Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты «Қазақтелеком» АҚ, «Көлік сервис орталығы» АҚ қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыру, қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату), сондай-ақ оның бақылауындағы компанияның кедендік баждарды төлеуден жалтару фактілері бойынша қылмыстық істер тергелген.
Тергеу барысында ол өз кінәсін толық мойындап, залалды толық көлемде өтеді, сондай-ақ қылмыстық құқықбұзушылықтарды тергеуге және қылмыстық жолмен алынған мүлікті ашуға ықпал еткен.
2022 жылдан бастап қазірге дейін Қайрат Сатыбалдыұлы және онымен байланысты тұлғалардан мемлекетке заңсыз сатып алынған 732,8 млрд теңге немесе 1,6 млрд АҚШ долларынан астам көлемде мүліктік активтер мен қаражат қайтарылды. Оның ішінде 661,5 млн АҚШ доллары шетелде табылды. Олар қысқа мерзімде Қазақстанға қайтарылды. Оның ішінде Қайрат Сатыбалдыұлымен белсенді ынтымақтастық нәтижесінде Австрия, Лихтенштейн, БАӘ, Түркия және тағы басқа елдерден қайтарылды, – делінген Антикор хабарламасында.
Қайтарылған активтерге әкімшілік ғимараттар, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, люкс үйлер, пәтерлер мен автомобильдер, акциялар мен компаниялардың үлестері, теміржол мен ақша кіреді, соның ішінде шетелде орналасқандары да бар.
Қайтарылған активтердің жалпы сомасы – 732,8 млрд теңге, Оның ішінде:
- «Қазақтелеком» АҚ акцияларының 28,8%-ы – 93,8 млрд теңге;
- «КСО» АҚ – 30,2 млрд теңге;
- 4 компаниядағы үлес – 10,3 млрд теңге;
- Қазақстандағы мүліктік активтер – 158,5 млрд теңге;
- Эксклюзивті зергерлік бұйымдар – 105,39 млрд теңге (230 млн доллар);
- Қазақстандық шоттардағы ақша – 36,8 млрд теңге;
- Австриядан келген ақша – 36,8 млрд теңге (82,1 млн доллар);
- Лихтенштейннен түскен ақша – 116,7 млрд теңге (260,5 млн доллар);
- БАӘ-нен келген ақша – 6,3 млрд теңге (14 млн доллар);
- Түркиядан келген ақша – 2,2 млрд теңге (4,92 млн доллар);
- Бағалы қағаздарды сату – 135,8 млрд теңге (300 млн доллар).
Мәселен, құны 158 млрд теңгеден асатын 115 қазақстандық объект мемлекеттік меншікке берілді, оның ішінде 73 жылжымайтын мүлік (13 үй, 10 ғимарат, 13 жер учаскесі, 4 пәтер, 3 ғимарат, қосымша салынған 2 медресе ғимараты, 2 тұрақ орны, 25 үй-жай, 1 аяқталмаған құрылыс объектісі), 37 жылжымалы мүлік объектісі (29 автомашина, 5 арнайы техника, 3 квадроцикл) және өзге де мүлік, – делінген хабарламада.
Мүліктің бір бөлігі оның жақын туыстарына, аффилиирленген тұлғаларына және бақылаудағы компанияларға рәсімделген.
Астана мен Алматыда мемлекетке берілген әкімшілік ғимараттардың жалпы ауданы 180 мың шаршы метрден асады. Бұрын бұл активтер жалға беріліп, жыл сайын меншік иесіне миллиардтаған табыс әкелген. Оны қазір мемлекет алып отыр.
Люкс нысандарының бірі – Ақмола облысының Барап ауылындағы жалпы ауданы 1,5 мың шаршы метр жер учаскесіндегі (135 гектар) бұрынғы Қайрат Сатыбалдыұлы резиденциясы – Астана қаласының білім басқармасына берілді.
Бұл қаражат мемлекетке қайтарылып, әлеуметтік мақсаттарда пайдалануға бағытталды.