Атырау облысында инвесторға кедергі келтірген шенеунік жауапқа тартылды
Мәселе фронт-офис алаңында қаралды
Атырау облысында 100 млн теңгенің инвестициялық жобасын іске асырушы кәсіпкерге кедергі келтірген инспекция басшысы жауапқа тартылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, «А.Сисенов» ЖК Жылыой ауданының Құлсары қаласында сүт және сүт өнімдерін өндіру бойынша жобаға инвестиция құйған. Кәсіпкерге аумақтық ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясы ветеринариялық-санитариялық қорытынды беруден негізсіз бас тартқан.
Бұл жағдай фронт-офис алаңында қаралып, инвесторға жәрдем көрсету және уәкілетті орган жол берген заңбұзушылықтарды жою туралы шешім қабылданды. Қадағалау актісі бойынша инспекция басшысы кәсіпкерге қорытынды беруден негізсіз бас тартқаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылып, инвесторға салалық қорытынды берілді, – делінген прокуратура хабарламасында.
Айта кетсек, өңірде инвесторлардың өтініштеріне жедел ден қою мақсатында фронт-офис тұрақты негізде жұмыс істейді.