Ерлі-зайыптыларға сот үкімі шықты
Павлодар облысының тұрғыны әйелімен бірге Қазақстан азаматы бола тұра Ресей Федерациясының азаматтығын алған және ол жайлы тиісті органдарға хабарламаған. Ерлі-зайыптыларға сот үкімі шықты.
15 мамырда ер адам және оның жұбайы Ресей Федерациясының азаматтығын алған. Бірақ бұл факті жайлы қолданыстағы заңнамада белгіленген уақытта мәлім етпеген. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК 496-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік материал жасалып, іс сотта қаралды. Сот қаулысымен шетелдіктерді елден шығару туралы шешім қабылданды, – деп хабарлады Шарбақты ауданы Полиция бөлімінің инспекторы Әділ Шәріпов.
ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 496-бабы 2-бөлігіне сәйкес, белгіленген мерзімде шетел азаматтығын алу фактісін хабарламағандарға 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Немесе Қазақстан аумағынан әкімшілік жолмен шығарып жібереді.