×

Париж-2024: Қазақстан медальдар кестесінде тағы 4 орынға кері сырғыды

Олимпиада қожайыны – Франция құрамасы әзірге 4-орында келеді

 Халық үні 09.08.2024 | 22:26
фото: dzen.ru

Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы жалпы медальдар кестесінде алғашқы 30 елдің қатарынан шығып қалды, деп хабарлады Halyq Uni kazinform-ға сілтеме жасап.

Нақтырақ айтсақ, ел құрамасы дәл қазіргі есеп бойынша жалпы медальдар кестесінде 34-орынға сырғыды. Қазақстан құрамасының қоржынында әзірге 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль бар.

Ал жалпы есепте бүгін АҚШ құрамасын қытайлықтар басып озып, көш басына шықты. Қытайлардың еншісінде әзірге 32 алтын, 25 күміс, 20 қола медаль бар. Ал АҚШ құрамасы олардан 2 алтынға кем. Олардың еншісінде 30 алтын, 38 күміс, 36 қола медаль бар.

Үздік үштікті әзірге Аустралия құрамасы түйіндеп тұр. Оларда 18 алтын, 15 күміс, 14 қола медаль бар.

Жарыстар әлі жалғасып жатыр. Бүгінгі медальдар кестесі әлі де өзгеруі мүмкін. Ал Олимпиада қожайыны – Франция құрамасы әзірге 4-орында келеді. Олардың еншісінде 14 алтын, 19 күміс, 22 қола медаль бар.

Жалпы Олимпиада алтынына 54, күміске 71, ал қолаға 80 ел қол жеткізді.

Еске сала кетсек, бұл XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 11 тамызда аяқталады. Оған әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысып, 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама