Ғылым қоры Ұлыбританияда табысты кездесулер өткізді
Еліміздің Ғылым қоры өкілдері Ұлыбританияға сапары барысында бірнеше табысты кездесу өткізгендерін мәлімдеді. Оның ішінде, ғылыми жобаларды коммерция деңгейіне шығару жолдары бойынша тәжірибе алмасқан, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қор таратқан мәлімдемеге қарағанда, Британия мемлекеттік және ғылыми ұйымдарымен өткен кездесуінде екі елдің ғылым саласындағы ынтымақтастығын кеңейту әрі ғылыми жобаларын коммерцияландыруды көздеп, талқыға салған. Сондай-ақ, осы жиында инновацияларды ынталандыру бағытын реттеу тетіктері де қарастырылған.
Ғылым Қоры басқармасының төрағасы Камиль Акатов Ұлыбританияның ғылым, инновациялар және технологиялар министрлігінің өкілдеріне ғылыми қызметті коммерцияландыру тетіктері елімізде қалай жетілдіріліп жатқаны жайында жан-жақты баяндап берген. Одан соң қос мемлекеттің ғылым мен оны коммерцияландыруға қаражат құю мәселесін басқару, оған басымдық беру жүйелерін талқылаған. Сөз арасында Ұлыбританияның ғылым, инновация және технологиялар министрлігіне қарасты ұйымдардың бөлетін гранттары да кеңінен талқыланған. Ол гранттар халықаралық деңгейде жүргізілетін зерттеулер үшін бөлінеді.
Қазақстандық ғылым саласының өкілдері одан бөлек, Ұлыбританияның бизнес және сауда министрлігімен де кездесу өткізген. Ондағы UK international Universities — Ұлыбритания университеттері қауымдастығымен болған басқосу нәтижелі болған. Мәселен, қазақстандық және британдық ғылыми ұйымдар арасында байланыс орнату жағын Horizon Europe бағдарламасы аясында қарастыруға болатыны айтылады.
Сондай-ақ, қор басшылары инженерлік академиямен және Enterprise Hub-пен де жолыққан. Айта кетерлігі, Enterprise Hub Еуропалық Одақ аумағындағы ең мықты деген 10 стартап-хабтың арасына кіреді.
Онда қос мемлекет өкілдері қаржыландыру, шағын және орта бизнестің және зерттеушілердің өзара байланысы, тәлімгерлік, көшбасшылық және кәсіпкерлік қасиеттерді дамыту сияқты Deeptech стартаптарын қолдауға бағытында әңгіме өрбітті, – деп жазылған Қордың ресми мәлімдемесінде.
Ал Wellcome Trust тәуелсіз халықаралық қайырымдылық қорымен болған әңгімеде екі тарап қаржыландыруды, бақылау тетіктерін және ғылыми зерттеулерді, соның ішінде әсіресе биомедицина саласындағы зерттеулерді қоса қаржыландыру мүмкіндіктерін талқылаған. Аталған ұйым Ұлыбританияның медициналық-биологиялық зерттеулерін қаржыландырып отыратынын қоса кетейік. Қарсы тарап та өз кезегінд биомедицина саласындағы жаһандық зерттеулерді қаржыландыру мүмкіндіктері жайында кеңінен баяндап берген.
Одан бөлек, Deeptech жобалары мен стартаптарын дамыту әрі қолдап отыру үшін бағдарламалар, ресурстар және үздік тәжірибелер жайы талқыланған.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 31 мамырда ғалымдармен өткізген келелі кеңесте мемлекет тарапынан отандық ғылым саласына құйылып жатқан қаражат жыл сайын тұрақты артып келе жатқанын айтқан еді. Әсіресе өз саласының білгір маманын даярлау бағытына берілетін мемлекеттік гранттар да соңғы бірнеше жыл ішінде 1,5 есе өскенін ерекше атап көрсетті. Соның негізінде 2025-2026 жылдар аралығында жас ғалымдарымыздың ғылыми зерттеу жұмыстарына деп бөлінетін грант саны да артқалы отыр.