Жастар практикасына қатысушылар санаты артады
Тиісті қаулы жобасы қоғам талқысына ұсынылды
Министрлік жастар практикасына қатысушылар санатын арттыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Субсидияланатын жұмыс орындарының, субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылатын адамдарға қойылатын талаптардың, олардың жалақысын субсидиялау мөлшерлері мен мерзімдерінің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 15 маусымдағы № 476 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» қаулы жобасын әзірледі.
Құжат «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларын іске асыруды тоқтатуды және жастар практикасына қатысушылар санатын арттыруды көздейді.
Бұл ретте жасалған еңбек шарттарына сәйкес, «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары шеңберінде жұмысқа орналасқан адамдарға белгіленген жұмыс мерзімдері аяқталғанға дейін осы жобаларға қатысуды жалғастыру құқығы беріледі.
Ресми ақпаратқа сәйкес, бұл жобаны қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарларға әкеліп соқпайды. Сондай-ақ, мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржылық шығыстарды талап етпейді.
Қаулы жобасы қоғамдық талқылау үшін 23 тамызға дейін «Ашық НҚА» порталына орналастырылды.