×

Атырауда балық қырылды: облыс әкімі бейқам басшыларды сынады

Мың келіден аса шабақтың көзі жойылды

 Динара Амантай 09.08.2024 | 14:31
Фото: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Атырау облысындағы балықтардың қырылуына байланысты өңір әкімі Серік Шәпкенов бейқам отырған басшылардың жұмысын сынады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, бүгінге дейін 43,955 млн шабақ Жайық өзеніне жіберілсе, 1090 келі өлі күйде табылған шабақтың санитарлық талапқа сай көзі жойылған. Бұл жұмыстарға 517 адам мен 92 техника жұмылдырылды.

Жүйелі жұмыстар Махамбет пен Индер аудандарында жүріп жатқанын атап өткен аймақ басшысы, Атырау қаласында мәселені шешуді ұйымдастыра алмай отырған басшыларды сынға алынды.

⁠Анықтамалық ақпараттарыңызды алдым. Бірақ балық құтқару жұмыстарында жүрген адамдарды көрген жоқпын. Екі аптадан бері жүйелі жұмыс жүргізе алмай отырсыздар. Кеше Соколок арнасына барып, жағдайды көріп қайттым. Судың бетінде қырылған балық көп. Бұны табиғи құбылыс деп, қол қусырып қарап отыруға болмайды. Балық құтқару жұмыстарын жүйелеу керек. Дрондарды іске қосып, құрғақ жыраларды анықтаңыздар. Кейін учаскеге бөліп, барлық күшті жұмылдырыңыздар. Уақыт өте тығыз, – деді Серік Шәпкенов.

Бұл ретте шабақтардың қырылуын алдын алу жұмыстарына әскерилер, кооперативтер мен «Жасыл ел» еңбек жасағы жұмысшыларын тартуды тапсырылды.

Соколок арнасына келген су қайтқанмен, жер дымқыл күйінде жатыр. Бұл көліктің жүруіне қиындық тудырады. Облыс әкімі суды ұстап тұру үшін бұл жерді уақытша қапшықпен қоршау қажеттігін айтып, жауапты басшыларға ұйымдастыру жұмыстарын жіті бақылауда ұстауды тапсырды.

Еске сала кетсек, бұған дейін Атырау облысында суда оттегінің жетіспеушілігінен мөңке балықтарының шабақтары қырылғанын хабарлаған болатынбыз.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама