Дәрігерлер 3 жасар қыздың миындағы үлкен ісікті алып тастады

Дәурен Ерболат

Операция сәтті аяқталды

Фото: Ұлттық нейрохирургия орталығы

Астанада дәрігерлер 3 жасар қызға күрделі ота жасап, миындағы үлкен ісікті алып тастады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Қыздың ата-анасының айтуынша, бүлдіршіннің басы ауырып, тәбеті қашқан, мазасыз бола бастаған. Осыдан кейін ана баласын алып, №2 қалалық көпбейінді ауруханаға барған. Онда науқастың миына КТ жасалды.

Ұлттық нейрохуриргия орталығының дәрігерлері бүлдіршіннің медициналық сараптама қорытындысын қарап, денсаулығының нашарлай бастағанын ескеріп, 3 жасар қызды орталыққа жатқызу керек деп шешім қабылдады.

Нейрохирургтер науқастың миындағы ісікті алып тастау үшін микрохирургиялық ота жасады.

Операция өте күрделі болды. Себебі, мидағы ісік үлкен болды (6,0*6,5*7,1). Отадан кейін баланың сөйлеуінде, қозғалысында, тыныс алуында, жүрек-қан тамыр жүйесінде ақау туындауы, геморрагиялық және ишемиялық инсульт болуы мүмкін еді. Алайда операция сәтті жасалды. Қазір баланың жағдайы жақсы, - деді дәрігерлер.

Отаны МӘМС аясында ҰНО профессоры, жоғары білікті нейрохирург дәрігер Ғабит Өленбай, нейрохирург, Әлібек Жарасов, анестезиолог-реаниматолог Болатбек Жұбаниязов жасады. 3 жасар бүлдіршін Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына ауыстырылды.