Тоқаев президенттерді Орталық Азияның қауіпсіздігін нығайтуға шақырды
Күрделі геосаяси және экономикалық жағдайда ынтымақтастықтың маңызы зор екендігіне назар аударылды
Қасым-Жомарт Тоқаев Орта Азия президенттерін аймақты қауіпсіз, ынтымағы жарасқан әрі өркендеген кеңістік ретінде сақтау үшін барынша күш-жігер жұмсауға шақырды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бүгін Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуі өтті. Жиында президент қазіргідей күрделі геосаяси және экономикалық жағдайда аймақтағы ынтымақтастықтың жоғары даму қарқынын сақтау өте маңызды екендігін айтты. Осы орайда мемлекет басшысы Орталық Азияның өркендеуіне ықпал ететін бірқатар өзекті міндетке тоқталды.
Бүгінде халықаралық қатынастар жүйесінің іргелі негіздері өзгеріске ұшырағанын байқап отырмыз. Бұл – қауіпті құбылыс. Мұндай жағдайда аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау ең басты міндет екені естен шықпауға тиіс. Қазіргі сын-қатерлерді тек саяси диалог пен мемлекеттеріміз арасында өзара сенім шараларын нығайту арқылы еңсеруге болатыны анық. Осы ретте соңғы жылдары бір-бірімізге жасаған сапарларымыз нәтижелі болды. Бұл елдеріміздің достыққа, тату көршілік қарым-қатынасқа және одақтастыққа негізделген өңірлік ынтымақтастығының деңгейі жоғары екенін білдіреді. Алайда өңірлік кооперация аясында сыртқы серіктестермен жан-жақты байланысты жоспарлы түрде күшейту маңызды. Әлемнің жетекші елдерінің «Орталық Азия плюс» форматына қызығушылық танытуы – осының айғағы, – деді мемлекет басшысы.
Жиында президентпен аталған тағы бір маңызды міндет жан-жақты ықпалдастықтың берік экономикалық базасын қалыптастыру болды. Айтуынша, соңғы жылдары бұл бағытта елеулі нәтижеге қол жеткізілген. Өңір ішіндегі сауда көлемі 11 млрд долларға жетті. Мемлекет басшысы тауар айналымын арттыру және оны 15 млрд долларға жеткізу маңызды екенін атап өтті.
Елдеріміздің экономикасын дамытуға бірлескен ірі инфрақұрылым және көлік жобалары тың серпін берер еді. Өзара тиімді ынтымақтастықтың мұндай оң мысалдары аймағымызда қазірдің өзінде де бар. Мәселен, Қырғызстандағы Қамбарата 1-ГЭС-ін, Тәжікстандағы Рогун ГЭС-ін, Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанның газ жобаларын, жаңа көлік дәліздерінің құрылысын, сондай-ақ басқа да маңызды жобаларды атауға болады. Бұдан бөлек шекара маңы аудандарында сауда-логистика желілері мен өнеркәсіп хабтарын дамыту маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұл орайда ауыл шаруашылығы, логистика, тоқыма және химия өнеркәсібі, құрылыс секілді перспективті салаларда жаңа келісімдер жасап, жан-жақты серіктестікті нығайту қажет екендігін атап өтті.