Ақтөбе облысында 30 мың гектар пайдаланылмаған жер мемлекетке қайтарылды

Динара Амантай

Кәсіпкер малы жоқ бола тұра жайылымдық жерлерді алған

Фото: Halyq Uni

Ақтөбе облысында 30 мың гектар пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қарғалы ауданында малды тіркеу базасына сәйкес ЖШС-ның бірінің жайылымдық жерінде мал жоқ болып шыққан. Учаскелердің ауданы – 30 мың гектар.

Жер Кодексінің 94-бабының негізінде АШМ ЖРБК-нің аумақтық департаменті ЖШС-дан жер учаскелерін алып қою туралы сотқа талап арыз берді. Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен талап қанағаттандырылды, – делінген министрлік хабарламасында.

Кәсіпкердің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылып, жер учаскелері Қарғалы ауданының жер қорына енгізілді.