Телефоныма «Локатор» қосымшасын жаздырып, көлігіме GPS орнатып қойған, дейді ол
Танымал әнші Индира Елемес отбасылық өмірі туралы сыр шертіп, бүгінде жолдасымен ажырасқысы келетінін айтты. Nur.kz жазуынша, ол күйеуіне опасыздығын кешіре алмаған.
Индира Елемес тұрмысқа шыққан соң жолдасының қатаң бақылауына өткенін айтты. Әнші отағасы көп жерге жібермей, бірқатар өнер иесімен араластырмай қойғанын айтты.
Қазір ажырасқым келеді. Себептері өте көп. Бәрі тұрмысқа шыққан соң, бір айдан кейін басталды ғой. Мені қатты бақылап бастады. Тойларға шығармады. Тек сахнаға рұқсат етілді. Ақша сұрай алмайтынмын. Бір жыл бойы өзіме қарай кеттім, тіпті тырнақтарымды да жасатпаппын. Желідегі аккаунттарымның паролі де сол кісіде. Осыған дейін маған қол ұшын тигізбеген. Бірақ мен үнемі ол ренжіп қалмасын деп жаман үйретіп алған секілдімін. Өнердегі бәраз адамдармен араластырған жоқ. Туған күндерге, жиындарға жібермейтін. Бірақ Индира Елемес болуым сол кісінің арқасы, маған көп еңбегі сіңді. Менен ештеңе аямайтын, - деді ол «Мамский әңгіме» подкастында.
Өнер иесі мұндай өмірден шаршап, бүгінде жолдасымен ажырасқысы келетінін жеткізді. Алайда оның сөздерінен кейін әнші қорқып қалғанын мойындады. Шоу-бизнес өкілінің айтуынша, отағасы оған ажырасуға келісімін бермей, «Ажалың менен болады» деген.
«Қазір тойларға шығып бастадым. Ол маған кедергі жасап жатыр. Ажырасамын деп шештім, менде басқа амал жоқ. Тынысым тарылды, шаршадым. Ол ажырасуға келісімін бермей жатыр. Ажырасайық деп ұсынғанымда «Ажалың менен болады» деп айтты. Сол сөздерінен қорықтым. «Ажалың менен болады» деген сөз «Мен сені өлтіремін» деген сөз ғой. Мүмкін ашумен айтқан шығар. Бәлкім мен өзіме қатты қабылдап қалған шығармын. Бірақ мен қорқамын. Балаларым үшін қорқамын. Ол жақсы әке, ол жағына айтар сыным жоқ. Бірақ мені қатты тексереді. Телефоныма «Локатор» қосымшасын жаздырып, көлігіме GPS орнатып қойған», - деді Индира Елемес.
Сонымен қатар әнші күйеуі өзіне опасыздық жасағанын ашып айтты. Индира Елемес сүйіктісінің бұл әрекетін кешіре алмағанын жеткізді.
Опасыздық басымнан өтті. Маған сол қыз хабарласып, бәрін өзі айтып берді. «Қызым бар» деді. ДНҚ жасатайық деп едім, «ол кісі жүз пайыз соның баласы екенін біледі» деді. Солай жасайды деп ойламадым, күмән болмады. Басында мойындамады, әлі де мойындамай келеді. Опасыздықты кешіре алмадым. Мен ол үшін көп нәрседен өттім. Ол болса маған осылай жасап отыр, - деді ол.