Тексеруден кейін 3 әуе компания мен 4 ұшқышқа айыппұл салынды

Динара Амантай

Тамызда тағы 6 пайдаланушыны тексеру жоспарланған

Фото: Halyq Uni

Авиациялық әкімшік жүргізген тексерулердің нәтижесінде шағын авиацияға жататын 3 әуе компания мен 4 ұшқыш жауапқа тартылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ведомство Ан-2 ұшақтарын тексеруге қатысты жеңіл және аса жеңіл азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларға жоспардан тыс тексеру жүргізді. Оның нәтижесінде бірқатар талаптардың бұзылғаны анықталды.

Атап айтқанда:

  • ұшқыш куәлігі жоқ бола тұра, командирдің әуе кемесімен ұшуы (осындай 4 дерек тіркелді);
  • ұшу құжаттамасынсыз әуеге көтерілу;
  • авиациялық персонал куәліктерін ұсынбастан, әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету;
  • әуе қозғалысына қызмет көрсету органына ұшу жоспарын ұсынбау және тағы басқа бұзушылықтар.

Шілдеде 10 авиакомпанияны іріктеп тексеру жүргізілді. Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті Қазақстанның авиациялық әкімшілігі жүргізген тексерулердің нәтижесінде шағын авиацияға жататын 3 әуе компаниясы мен 4 ұшқышқа ҚР Азаматтық авиация саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бұзғаны үшін 11 айыппұл салды, – делінген министрлік хабарламасында.

Жоспардан тыс тексеру жүргізу бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Тамызда тағы 6 пайдаланушыны тексеру жоспарланған.