×

Түркістан облысында үшем дүниеге келді

Сәбилерге Ардана, Елдана, Нұрдана есімдері берілді

 Дастан Жұмабекұлы 08.06.2022 | 17:36
фото: ҚазАқпарат

Қазір жас ана мен нәрестелердің денсаулығы жақсы. Сәбилерге Ардана, Елдана, Нұрдана есімдері берілді. Оларға күтім жасалып жатыр. Осылайша, Тойшиевтер отбасындағы ұлға үш қарындасы қосылып отыр.

ҚазАқпараттың хабарлауынша, бүгін Сарыағаш қаласының әкімі Мұхит Доспулов үшемнің ата-анасы Берік Тойшиев пен Ақбөпе Кеңесқызын арнайы барып құттықтады. Сәбилерге сый-сияпат жасап, ізгі тілегін білдірді.

Жыл басынан бері Сарыағаш ауданында 2 696 сәби өмірге келген. Оның ішінде егіздер мен үшемдер бар.

Былтыр Нұр-Сұлтан, Шымкент, Павлодар мен Көкшетау қаласында үшем дүниеге келген болатын.

Астанада 15 желтоқсан күні №2 көпбейінді қалалық ауруханада 27 жастағы Құндыз Оралжанқызы үшемді дүниеге әкелсе, Шымкентте үшем «Нұрсат» ықшамауданындағы қалалық перинаталдық орталықта туған.

Павлодар қаласында былтыр алғаш рет облыстық перинаталдық орталықта 34 жастағы тұрғын үшемді өмірге әкелді. Бұл отбасының алғашқы сәбилері.

Көкшетау қаласының тұрғыны Ермек Азаттың отбасында үшем дүниеге келді. Жарық дүние есігін 2 мамырда ашқан үш ұл 20 күндей дәрігерлердің бақылауында болып, демалыс күндері ғана перинаталдық орталықтан үйлеріне шығарылған еді.

Қазір балалар мен олардың аналарының жағдайы қалыпша.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама