Атырау облысында ірі компания мемлекетке 670 млн теңге залал келтірген

Динара Амантай

Мекеме жер қойнауын ұтымсыз пайдаланған

Фото: Halyq Uni

Атырау облысындағы ірі компания жер қойнауын ұтымсыз пайдаланғаны үшін мемлекетке 600 млн теңгеден астам қаражат төлейді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, «ANACO» ЖШС 2018-2023 жылдар аралығында көлемі 4 млн 237 мың 248 текше метр шикі газдың жоғалуына жол беріліп, жер қойнауын ұтымсыз пайдаланған.

Компания «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекстің 125-бабының 2-тармағы және 147-бабының 4-тармағының талаптарын өрескел бұзған. Көмірсутектерді өндіру кезінде оның жоғалуын болдырмайтын әдістер мен тәсілдер қолданылу қажет, – делінген прокуратура хабарламасында.

Қадағалау актісінің негізінде мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекциясының батыс өңіраралық басқармасы мемлекетке келтірілген залал мөлшерін есептеді. Залал көлемі 673 млн 130 мың 278 теңге болды.

Компания бүгінде ерікті түрде 285 млн теңге төледі.