Отандастарымыз мұндай белдесуді 20 жыл күтті
Грек-рим күресінен тәжірибелі палуанымыз Демеу Жадыраев (77 келі) Париж Олимпиадасының күміс жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлады Halyq Uni.
Ол финалда биыл Азия чемпионы атанған жапон Нао Кусакаға есе жіберді. Есеп: 2-5.
Демеу Жадыраевты Олимпиаданың күміс жүлдегері атануымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – тарихи белдесу болды. Тұтас халық Демеудің тілеуін тіледі. Отандастарымыз мұндай белдесуді 20 жыл күтті. Жадыраев бозкілемде барын салып, нағыз шебер палуан екенін көрсетті. Бұйырғаны күміс жүлде болды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген ең мықты спортшылар арасында Олимпия ойындарының күміс жүлдесін жеңіп алу – зор жетістік екенін атап өткім келеді.
Жадыраев өзінің табандылығының, жеңіске деген ұмтылысының және еңбекқорлығының арқасында грек-рим күресінің миллиондаған жанкүйеріне нағыз мереке, ұмытылмас эмоция мен қуаныш сыйлай алды. Барлық жаттықтырушылар штабына ерекше алғысымды білдіргім келеді. Төртжылдықтың басты додасындағы чемпиондарымызға жаңа жетістік пен жеңістер тілеймін!» - деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.