Ол 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды
Қызылорда облысында жедел жәрдем жүргізушісі масаң күйде көлік айдаған, деп хабарлайды Halyq Uni.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Арал ауданында жедел жәрдем жүргізушісі 15 тәулікке қамалып, жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылды.
Масаң күйде көлік басқару фактісі Самара-Шымкент тасжолында «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу кезінде анықталды. Құжаттарды тексеру барысында өзін біртүрлі ұстаған жүргізушінің әрекеті полицейлерге күдікті көрінген. Медициналық куәландыру оның масаң күйде болғанын растады, – делінген полиция хабарламасында.
Айта кетсек, өңірде 6-8 тамыз аралығында «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасы өткізіліп жатыр. Полицейлер жол жүрісіне қатысушыларды мұқият болуға шақырады.