Атырау облысында балық қырылып жатыр
Қазір тексеру жүріп жатыр
Атырау облысында суда оттегінің жетіспеушілігінен мөңке балықтарының шабақтары қырылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясына Атырау облысының Жылыой ауданындағы «Теңіз-Новороссийск» мұнай құбырының 64-ші және 72-ші шақырымында балықтың қырылуы туралы ақпарат түсті. Балық ресурстары мен басқа да су жануарларының қауіп-қатері және (немесе) қырылуы анықталған кезде өзара іс-қимыл схемасына сәйкес барлық мүдделі мемлекеттік органдар хабардар етілді, деп мәлімдеді Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Комиссия шабақтардың қырылған жеріне барды. Мәлімет расталды. Жиналған шабақтардың салмағы – 127 килограмм, – деп қосты ведомство.
Атырау облысы бойынша экология департаменті зертханалық зерттеулер үшін су сынамаларын алды. Шабақтардың қатты ыдырауына байланысты балықтың қырылу себептерін анықтау үшін сынама алу мүмкін болмады.
Көктемгі су тасқыны салдарынан Жем өзені арнасынан асып, шабақтар өзен суымен таяз ойықтарға жиналған. Балық шабақтары қырылуының болжамды себебі – суда оттегінің жетіспеушілігі.
Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, санитарлық нормаларды сақтай отырып, қырылған балық шабақтарын жинау бойынша жұмыс жүргізілді.