Олардың кесірінен теміржол стансалары бейнебақылау жүйесінсіз қалған
27 шілдеде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының «Әскерилендірілген темір жол күзеті» ЖШС бас директоры Б.Наханов, оның орынбасары А.Мукатаева және бас менеджер Р.Сидиковқа қатысты аса ірі көлемде қаржы жымқырғаны үшін айыптау үкімі заңды күшіне енді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сотта анықталғандай, аталған азаматтар теміржол стансаларына бейнебақылау жабдықтарын сатып алу және монтаждау бойынша аффилиирленген компаниялармен шарттар жасасу арқылы 159 млн теңгеден астам қаражатты ұрлаған.
Келісімшартта көрсетілген жабдықтар толық жеткізілмеген, ал бейнекамералар техникалық сипаттамаларға сәйкес келмеген, кейбірінде ақаулар болды. Бұл ретте Сидиков кәсіпкерлерді тауып, бейнебақылау жүйелерін өз бетінше орнатқан. Наханов пен Мукатаева қабылдау актілеріне қол қойып, айқын бұзушылықтарға қарамастан мердігерлерге ақша аударған, – делінген прокуратура хабарламасында.
Сот аталған азаматтарды өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыра отырып, 7 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Олардан келтірілген шығын да өндірілді.