Қарағандыда студент 7,5 жылға сотталды
Жасөспірім жеңіл жолмен ақша таппақ болған
Қарағандыда есірткі жасырумен айналысқан коллежд студентіне сот үкімі шықты, деп хабарлады Halyq Uni.
Жоғарғы соттың дерегінше, сотталушы қаладағы политехникалық колледжде 3-курста оқыған. 2023 жылғы сәуірде 17 жастағы студент интернеттен «курьер керек» деген хабарландыруды көрген.
Ол телефон нөміріне қоңырау шалып, жұмыстың қиын емес екенін, жалақының жоғары болатынын білген. Осылайша, ол курьер болып жұмыс істеуге кіріскен.
Алынған геолокация бойынша студент есірткі салынған 5-15 ораманы Қарағанды көшелеріне жасырумен айналысқан. Фотоесепті кураторға жіберіп отырған. Әрбір жасырған есірткі үшін айыпталушының банк картасына 2,5 мың теңге аударылды. Оны сотталушы өз қажетіне жұмсады, - деп жазылған хабарламада.
Былтыр қарашада студентті полиция ұстаған. Ол есірткі салынған 4 ораманы жасырып үлгерген. Жасөспірімнің сөмкесі мен қалтасын тінту барысында 11 орама табылды. Онда мефедрон есірткісі болған.
Оған Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі 1, 3, 5 тармақшалары бойынша айып тағылды. Сотта айыпталушының кінәсі дәлелденді.
Соттың үкімімен студент айыпты деп танылып, ол 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Судья оның кәмелетке толмағанын ескерді, - деп жазылған хабарламада.
Үкім заңды күшіне енді.