×

Қызметкерлеріне жалақы төлемеген кәсіпорындарға айыппұл салынды

Түрлі ұйымдарда еңбек құқығы бұзылуының 5,6 мыңға жуық дерегі анықталды

 Динара Амантай 07.08.2024 | 09:56
Фото: Halyq Uni

Республика бойынша қызметкерлеріне жалақы төлемеген кәсіпорындарға 34,6 млн теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 1 тамыздағы жағдай бойынша елдегі 259 кәсіпорын 14,9 мың қызметкерге 3,3 млрд теңгеден астам жалақы бойынша қарыз болып шықты. Сондай-ақ, тексеру кезінде түрлі ұйымдарда еңбек құқығы бұзылуының 5,6 мыңға жуық дерегі анықталды.

Жалақы бойынша берешегі бар кәсіпорындардың басшыларына орындауға міндетті 222 ұйғарым берілді және 34,6 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Қабылданған шаралардың, оның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеудің нәтижесінде 13,2 мыңнан астам жұмыскердің құқығы қорғалды. Оларға 2,6 млрд теңге төленді, – делінген министрлік хабарламасында.

Айта кетсек, биыл мемлекеттік еңбек инспекторлары 4 245 тексеру жүргізіп, 6 772 бұзушылықты анықтады. Оның ішінде: еңбек саласында – 5 007; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 1 703; халықты жұмыспен қамту бойынша – 62.

Жұмыс берушілерге 2 552 ұйғарым беріліп, 321,9 млн теңгеге 2 931 әкімшілік айыппұл салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 23 мың жұмысшының еңбек құқығы қорғалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама