Әскерге тіркеу автоматтандырылды: жыл сайын 1 млрд теңге үнемделеді
Әскери қызметшілердің білім алуына жағдай жасалады
Елімізде әскерге тіркеу процесі автоматтандырылуы нәтижесінде жыл сайын 1 млрд теңге үнемделді, - деп хабарлады Halyq Uni.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қорғаныс министрлігі әскери комиссариаттардың жұмысын цирфландырып, қомақты қаржыны үнемдеуге мүмкіндік алған.
Әскерге шақырылушыларға арналған «кредиттік каникулдар» жүйесі енгізілді. Жастарды әскери комиссариаттарға бармай-ақ, тіркеу процесі автоматтандырылды. Бұл жыл сайын тасымалдауда, медициналық қызмет көрсетуде және тіркеу туралы куәлік беруде 1 млрд теңгеден астам қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді, - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ министрлік мерзімді әскери қызметтің тартымдылығы мен беделін арттыру үшін бірқатар шараға бастамашылық жасады.
Мамырда әскери қызметшілерге арналған білім беру гранттарына квоталар бекітетін заң қабылданды. Тегін оқуға арналған мемлекеттік гранттар мерзімді әскери қызмет кезеңінде жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындықта жоғары нәтижеге қол жеткізгендерге беріледі. Сонымен қатар университетте оқудың бірінші жылында (әскери қызметшіге) жатақханада тұруға басым құқық беріледі, - деп жазылған хабарламада.