Halyq Uni логотип
×

Жаппай ереуіл кезінде Қарулы күштер пайдаланылуы мүмкін

Мәжіліс жаңа заң жобасын талқылады

 Динара Амантай 08.06.2022 | 16:21
Жаппай ереуіл кезінде Қарулы күштер пайдаланылуы мүмкін
AP Photo / Vladimir Tretyakov

Қаңтар оқиғасына байланысты бірқатар заңдағы сәйкессіздіктері анықталып, оларға түзетулер енгізілді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Гүлнар Бижанова айтты.

Мәжіліс отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымға шығарылды. Баяндамашының айтуынша қаңтар оқиғасында бірқатар заңдағы сәйкессіздіктер анықталды, соның салдарынан күш органдарының, жедел штабтардың іс-қимылы тиісті деңгейде үйлестірілген жоқ. Іс жүзінде төтенше жағдайды жою үшін күш-құралдар бірлігі болмады. Сондықтан, салалық заңдарда енді әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі мемлекеттік орган басшыларының дербес жауапкершілігі енгізіледі.

Бұл ретте Президентке әлеуметтік сипаттағы ТЖ және ТЖ режимдерін қамтамасыз ету бойынша қосымша өкілеттіктер беріледі.

Енді төтенше жағдай енгізілгенде Мемлекет басшысы мұндай режимді қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияны құрады және оның төрағасын тағайындайды. Ол кез келген мемлекеттік органның немесе құқық қорғау блогының өкілі бола алады. «Төтенше жағдай» және «Әлеуметтік-экономикалық саладағы төтенше жағдай» ұғымдары да бөлінді, республикалық және өңірлік жедел штабтар мен мемлекеттік орган мәселелері нақты айқындалды. Енді жедел штаб шешімін бүкіл азаматтар орындауға міндетті болады, – деп мәлімдеді Г. Бижанова.

Сонымен бірге, әлеуметтік сипаттағы ТЖ кезінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың байланыс құралдары мен желілері ажыратылмайды. Бұған ішкі істер органдары, төтенше жағдайлар қызметтері – жедел жәрдем, ТЖМ құтқарушылары мен өрт сөндірушілер, оқ-дәрі тасымалдау ұйымдары және басқалар кіреді. Қаңтар айында бұл қызметтерде байланыспен қиындық туындаған еді.

Жаппай ереуілдер – әлеуметтік сипаттағы ТЖ, ал қаруланған жаппай тәртіпсіздік – ТЖ. Екі мысалдың да өзіндік ерекшеліктері мен құқықтық режимдері бар. Қазір заң бойынша әлеуметтік сипаттағы ТЖ кезінде әскерді пайдалануға болмайды. Енді жедел штабтың ұсынысымен Президенттің Жарлығы негізінде бұл мүмкін болады, – деді депутат.

Оның айтуынша, жергілікті жердің коменданты Президенттен заңмен белгіленген жағдайларда Қарулы күштерді қолдануды сұрай алады. Облыстардың (астананың, республикалық маңызы бар қалалардың) әкімдері де жедел штаб басшылары ретінде әлеуметтік сипаттағы ТЖ енгізе алады.

Бұған қоса мемлекеттік күзет қызметінің өкілеттіктері күшейтілді. Енді оларға жедел штабқа, мемлекеттік комиссияға немесе комендантқа қарамай, күзет және жедел іс-шаралар жүргізу, басқа мемлекеттік органдардың күштері мен құралдарын тарту құқығы беріледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама