Ғылыми ортаның алдына қойылған міндеттер қалай орындалып жатыр
Аталмыш саладағы жұмыс 4 бағытта жүргізіледі
Бүгінгі Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов бұған дейін берілген ғылыми жетістіктерді коммерцияландырудың жаңа тетіктерін дайындауға байланысты тапсырма жөнінде Ғылым және жоғары білім министрінің есіне салды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Саясат Нұрбектің айтуынша, бүгінде аталмыш саладағы жұмыс 4 бағытта жүргізіліп жатыр. Алдымен, жоғары ғылыми-техникалық комиссияның жұмысына өзгеріс енгізілді. Оның құрамына республика бойынша ірі кәсіпорын басшылары шақырылды. Нәтижесінде ғылым мен экономиканың басты салаларында байланыс орнатуға мүмкіндік туды.
Еліміздегі алпауыт кәсіпорындар жанында маңызды мәселелерге қатысты ұсыныс әзірлейтін арнайы комитеттер құрылады. Kazakhmys, ERG, Qarmet кәсіпорындары жанынан құрылған комитеттерде отандық ғалымдар ғылыми қолдау көрсетеді.
Енді біз тапсырысты, ғылыми өзекті тақырыптар мен ғылыми зерттеулер бағыттарын ғалымдардан сұрамаймыз. Біз өндіріске барып, ондағы шешімі ғылымның үлесін қажет ететін нақты технологиялық мәселелерді зерттеп, жинақтаймыз. Бұл ретте ғылыми ортаның алдына тапсырысты сол өндіріс қояды, — деді Саясат Нұрбек.
Сондай-ақ, жоғары оқу орындарының қызметінде де өзгеріс болғаны айтылды. Енді университеттер халықаралық ынтымақтастықты нығайта отырып, неғұрлым тереңдетілген ғылыми-зерттеу жұмыстарына көшіп бастады.
Биыл қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң аясында Ғылым қоры кәсіпкерлермен тығыз байланыста жұмыс істей бастады. Нақты өндірістік мәселелерді шешуге тиіс ғалымдарға қойылатын талаптар күшейтіліп, оларға грант беру форматы да өзгереді.
Аталған заң бойынша әкімдіктерге ғылым бойынша қосымша қызмет жүктеледі. Енді олар жергілікті кәсіпорындармен және ғылыми мекемелермен әріптестікте жұмыс істейді. Өңірлік ғылымды жергілікті бюджеттен қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылды.
Жаңа заңда жалақыны арттыру, қосымша үстемақы тағайындау, гранттар санын ұлғайту, тұрғын үй мәселесін шешу сияқты жас ғалымдарды қолдау шаралары қарастырылған. Біз ғалымдарды ғылыми шығармашылыққа, нақты міндеттерді шешуге бағыттауға тиіспіз. Бұл шаралардың нәтижесінде қойылған міндет орындалады, – деді министр.