«ҰБТ-да жоғары балл жинаған». Саясат Нұрбек 10 мыңнан аса талапкердің неге грантқа түспегенін түсіндірді
Мамандық таңдағанда жақсылап ойлануға кеңес берілді
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елімізде 10 мыңнан астам талапкердің неге грантқа түсе алмағанына түсінік берді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Ведомство басшысы соңғы жылдары мемлекет техникалық мамандықтарға басымдық беріп жатқанын атап өтті.
Алдымен білім беру гранты мемлекетке қажет мамандықтар бойынша беріледі. Соңғы жылдары біз инженерлік-техникалық, педагогика, IT және тағы басқа мамандықтарға басымдық беріп жатырмыз. Биыл жылу энергетика, су, орман шаруашылығы саласында туындаған мәселелер, өздеріңіз көріп отырған техногенді апаттар: су тасқыны бойынша қосымша көбірек грант бөлінеді. Мысалы, жылу энергетикасы, гидрогеология, гидротехникалық нысандар, ветеринария және тағы басқа мамандықтар бойынша, - деді Саясат Нұрбек Үкіметтің баспасөз орталығында.
Министр биыл ҰБТ-да жоғары балл алған 10 мыңнан аса талапкер жоғары білімді неге тегін ала алмайтынын түсіндірді.
10 607 талапкер ҰБТ-да 90-нан жоғары балл жинады. Алайда олар грантқа түспеді. Олар қандай мамандықты таңдаған? Тоқталайын.
Бірінші топ, ең көбі, дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығын таңдаған. 3 452 адам грантқа түсе алмады. Биыл біз бұл мамандыққа 600 грант бердік. Осы мамандықты 5609 адам таңдады. Демек, бұл 600 грантқа үздіктердің үздіктері ілінді.Екіншіден, 941 адам сән, дизайн мамандығы бойынша грантқа түсе алмады. Биыл біз сән, дизайнға 205 грант бөлдік. 1624 адам (құжат) тапсырды. 205 адам грантқа түсті. Жоғары балл жинаған 941 адам грантқа түспеді.
Бұл балалар мемлекет басымдық бермеген мамандықтарға өтініш берген. Біз мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша грант мемлекет басымдық беретін мамандықтар негізінде берілетінін нақты түсінуіміз керек, - деді Саясат Нұрбек.
Ведомство басшысы мемлекетке қандай мамандар қажет екенін айтты.
Су тасқыны болғанда «Ойбай, су мамандары қайда? Орман өртенгенде орманшылар қайда? Екібастұздағы (жылу электр орталығында апат болғанда) жылу мамандары қайда?» дедік. Осы мамандықтар бойынша (грантты) бердік. (Олар) мемлекет басымдық бермеген мамандықтарды (таңдап), бізге грант берілмеді деп шулап жатыр, - деді министр.