Шығыс Қазақстанда із-түзсіз жоғалған қыз табылды
Оны іздестіру барысында жақын маңдағы аймақтың әр бұрышы қаралды
Шығыс Қазақстан облысының тәртіп сақшылары жоғалған жасөспірімді іздеп тапты, деп хабарлайды Halyq Uni.
5 тамыз күні кешке Риддер полициясына өзінің 10 жастағы қызы Евгенияның сағат 18:00-19:00 шамасында үйден шығып кетіп, қайтып оралмағаны туралы әйел адамның өтініші түскен. Өз бетінше іздеу жұмыстарынан нәтиже болмаған соң ата-ана сақшылардан көмек сұрауға шешім қабылдаған, деп мәлімдеді Polisia.kz.
Полиция бөлімінің жеке құрамы еріктілермен бірлесіп, дереу іздеуге кірісті. Бала жүруі мүмкін деген жақын маңдағы аймақтың әр бұрышы қаралды, – делінген ақпаратта.
6 тамыз күні таңертеңгі уақытта, жасөспірімнің жергілікті тұрғындардың бірінің үйінде болғаны анықталды. Қала тұрғыны кешке көшеде келе жатып, жылап тұрған қызды байқаған. Онымен бірге үйге келген бала ештеңе айтпастан бірден ұйықтап қалған. Ертесіне оянып, әлеуметтік желілерде іздеу жайлы мәліметті көрген тұрғын тәртіп сақшыларына жүгінген.
Қазір баланың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Ол туыстарымен бірге. Онымен және оның ата-анасымен профилактикалық әңгіме жүргізілді.
Сақшылар Риддер қаласының тұрғынына немқұрайлық танытпағаны үшін алғыс білдірді. Полиция департаменті азаматтардан егер осындай жағдайларда қатысушы немесе куәгер болсаңыз, дереу 102 арнасына хабарласуды сұрайды.