Баянауылда қарақұрт қаптады: ТЖ бойынша комиссия отырысы өтеді
ТЖД әкіммен бірлесіп өрмекшілердің мекендейтін ортасын зерттеді
Павлодар облысы ТЖД Баянауылда қарақұрттардың көбеюіне байланысты ТЖ комиссиясының кезектен тыс отырысын өткізеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Кеше Баянауыл ауданының әкімі Павлодар облысының табиғи паркі және Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, ұлттық табиғи паркте қарақұрттардың көбеюі жөніндегі ақпарат бойынша қарақұрттардың мекендейтін жерлерін зерттеу үшін Торайғыр ауылына барды.
Зерттеу барысында Торайғыр көлінің бойындағы шөптер мен өсімдіктердің арасынан қарақұрт өрмекшілері, жұмыртқалары, қабықтары табылды. Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысын өткізуге бастамашылық жасайтын болады, – делінген ТЖД хабарламасында.
Айта кетсек, қарақұрт улы өрмекші тәрізділер тұқымдасына жатады. Толық жетілген ұрғашы қарақұрттың қара, ал жетілмеген ұрғашысы мен аталықтарының денесінде қызыл дақтары болады. Көздері күндіз де, түнде де бірдей көреді. Ұрғашы қарақұрт ұясын жерге салады, оның айналасына тор құрып, жәндіктермен қоректенеді. Қарақұрт шаққан адам қатты уланып, кейде өліп кетуі де мүмкін.