Шетелдік компания жобалаудан бастап жұмыс аяғына дейін жауапты болады
Еуропалық мамандар қазақстандық порт түбін бір жарым-екі метрге тереңдетеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Көлік министрлігінің мәліметінше, жұмыстарға ірі еуропалық Jan De Nul компаниясының арнайы техникасы жұмылдырылған.
Компаниямен ЕРС келісімшартқа қол қойылды. Компания жобалаудан бастап тереңдету жұмыстарының аяғына дейін толығымен жауапты. Порт түбін тереңдету жұмыстары терминалдың өткізу қабілетін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді, - делінген министрлік хабарламасында.
Құрық портының өткізу қабілеті - 6 млн тонна (теміржол терминалы – 4 млн, автотерминал – 2 млн). Сондай-ақ, портта 250 жүк көлігін сақтау мүмкіндігі қарастырылған.
Дәл осындай жұмыстар Ақтау портында да жүргізіледі. Порт түбін тереңдету - Транскаспий халықаралық көлік бағытын одан әрі дамыту аясында қабылданған кешенді шараның бірі.
ТХКБ бойынша жүктерді тасымалдау көлемі 7 айда 62%-ға ұлғайып, 2,5 млн тонна болған.