Қаражат 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды
Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясы барысында тұрғын үй сертификаттарының жаңа мөлшері бекітіліп, оларды алушылардың санаттары айқындалды. Бұл туралы Алматы қалалық әкімдігі баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында мегаполисте халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауды кеңейту бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр.
Әлеуметтік сипаттағы мәселелер Алматы әкімдігі үшін басым бағыттардың бірі. Осыған байланысты қала әкімі Ерболат Досаевтың ұсынысы бойынша тұрғын үй сертификаттарының сомасы 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды, – делінген хабарламада.
Кезекте тұрғандар қатарынан сертификат алушылар санатына келесі азаматтар жатады:
- 1 және 2 топтағы мүгедектер;
- мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар;
- жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- көпбалалы отбасылар.
Естеріңізге сала кетсек, тұрғын үй сертификаттары Алматыда әлеуметтік тұрғын үйге кезекте тұрған азаматтар үшін жеңілдетілген ипотекалық несиелеу бағдарламасы аясында бастапқы жарнаның бір бөлігін өтеу үшін қолданылады.