Табиғи апат болған өңірлерде эпидемиологиялық жағдай тұрақты
Биыл елімізде болған су тасқыны кезінде эвакуацияланған тұрғындар арасында жұқпалы ауру тарамаған, деп хабарлады Halyq Uni.
ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, бүгінде тасқын болған 11 өңірде жағдай тұрақты, су басқан елді мекендер жоқ.
Су астында қалған тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, зираттар, мал қорымдары, сібір жарасы бар жерлеу орындары, полигондар, септиктер мен аула қондырғылары жоқ. Қатты тұрмыстық қалдықтар сақталатын полигондар, вакциналар мен иммунобиологиялық препараттар сақталатын қоймаларда су басу дерегі тіркелмеді.
Барлық өңірде орталықтандырылған және орталықтандырылмаған сумен жабдықтау объектілеріне бақылау күшейтілді.
Су тасқынынан зардап шеккен 24 542 объектіде дезинфекциялық өңдеу жүргізілді.
Тасқын басталғаннан бері эвакуацияланған тұрғындар арасында жұқпалы аурулардың дүмпуі тіркелмеді. Тасқыннан зардап шеккен өңірлерге комитеттің және ғылыми ұйымдардың мамандары жіберілді. Бүгінде табиғи апат болған өңірлерде эпидемияға қарсы іс-шаралар аяқталды, эпидемиологиялық жағдай тұрақты, - деп жазылған хабарламада.