Ақтөбе облысындағы ауруханаларда бірқатар заңбұзушылық анықталды
Лауазымды қызметкерлер жауапқа тартылды
Ақтөбе облысында Алға және Ойыл аудандық ауруханалары тұрғындарға тегін қызмет көрсету бойынша бірқатар заңбұзушылыққа жол берген, деп хабарлайды Halyq Uni.
Облыстық прокуратураның мәліметіне сүйенсек, Алға ауданының ауруханасы созылмалы аурумен есепте тұрған 74 адамға қажетті талдаулардың міндетті шекті мөлшерін сақтамаған.
Мысалы, гипертониялық аурумен есепте тұратын науқас А.-ны аудандық аурухананың медицина қызметкерлері дер кезінде тексермей, оған тиісті медициналық қызметті көрсетпеген, салдарынан тиісті зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Сондай-ақ, артериялық гипертензия диагнозымен есепте тұрған, жүрек зақымдануы басым науқастарды қажетті тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етпеудің 36 жағдайы анықталды, - делінген прокуратура хабарламасында.
Ведомство өкілдерінің араласуынан кейін ғана заңбұзушылықтар жойылып, 100-ден астам адам қажетті дәрі-дәрмекпен және қызметпен қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, қайтыс болғандарға медициналық қызмет көрсету фактілері анықталды. Көрсетілетін медициналық қызметтердің санын асыра бағалау мақсатында бұл қызметтер деректер базасына енгізілді.
Мысалы, құжатқа сәйкес 2023 жылдың қазанында аудандық аурухана жергілікті тұрғынды медициналық тексеруден өткізген, ал оның бұған дейін шілдеде қайтыс болғаны анықталды.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша заңбұзушылыққа жол берген лауазымды қызметкерлер қатаң тәртіптік жауаптылыққа тартылды.