Тағы бір апта жекелеген облыстарда мониторинг шаралары жүргізіледі
Барлық өңірде шегірткеге қарсы өңдеу аяқталды. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен орталық штаб отырысында белгілі болды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, өңделген алқаптардың жалпы көлемі 3,1 млн гектар болды. Бұл биыл болжанған 2,5 млн гектар көрсеткіштен 23% жоғары, себебі жаңа таралу ошағы анықталған жерлер қайта өңделді.
Тұрақты мониторинг жүргізу, дрондармен қоса техниканы зиянкестердің белсенді таралу орындарына жедел көшіру, орталық үкіметтік және өңірлік деңгейлердегі жағдайды қолмен басқару және бақылау, шекара маңы мемлекеттерінің аграрлық ведомстволарымен тығыз өзара іс-қимыл өз нәтижесін берді. Биыл фермерлердің егістігі шегірткеден зардап шеккен жоқ, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ тағы бір апта бойы жекелеген өңірлерде шегірткенің пайда болуын бақылау бойынша жұмыс жүргізілетіні айтылды.
Үкімет келесі жылға дайындықты бастады. Жоспар бойынша шегірткенің таралу көлемі бойынша болжам жасау және өңірлерде фитосанитариялық инспекциялар пайдаланатын дернәсілдердің пайда болу орындарын мониторингтеу үшін 100 дрон сатып алу қарастырылған. 2025 жылы алқаптарды өңдеу үшін тағы дрондар сатып алу жоспарланып отыр, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, келесі жылы пестицидтерге, оларды тасымалдауға, сақтауға және қолдануға арналған шығындарды қамтитын шегірткеге қарсы бірыңғай қызметті орталықтандырылған сатып алу әдісіне көшу көзделген.