Биыл әскерге шақырылатындардың тізімін ұлғайту жоспарланып отыр
Тиісті қаулы жобасы қоғамдық талқылау үшін НҚА сайтында орналастырылған
Биыл әскерге шақырылатын азаматтардың тізімін ұлғайту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қорғаныс министрлігі Үкіметтің 2024 жылғы 16 ақпандағы №96 қаулысына өзгеріс енгізу туралы қаулы жобасын әзірледі.
Құжатқа сәйкес, әскерге шақырылатын 18 жастан 27 жасқа дейінгі азаматтардың санын 39 мың 180 адамнан 40 мың 148 ер азаматқа дейін ұлғайту көзделген.
Қаулы жобасы 19 тамызға дейін қоғамдық талқылау үшін ашық НҚА сайтында орналастырылған.
Еске сала кетсек, бұған дейін биыл 3 мың қазақстандық әскери жиыннан өтетінін хабарлаған болатынбыз. Жиынға қатардағы жауынгерлер мен сержанттық құрам өкілдері 50 жасқа дейін, ал офицерлер 60 жасқа дейін шақырылады. Егіс және егін жинау жұмыстары кезеңінде ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін адамдар, оқу жылы ішінде күндізгі оқу нысанындағы білім беру ұйымдарының педагогтері, 18 жасқа дейінгі үш және одан да көп баласы бар адамдар әскери жиынға шақырудан босатылады.