Әскери атақты мерзімінен бұрын беру туралы шешім қабылданды
Париж Олимпиадасында қола медальға ие болған дзюдошы Ғұсман Қырғызбаевқа капитан әскери шені беріледі, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бүгін таңертең дзюдодан Қазақстан құрамасы Парижден оралды. Спортшыларды Алматы гарнизонының әскери қызметшілері қарсы алды. Олардың арасында Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының әскери қызметшісі, аға лейтенант Ғұсман Қырғызбаев та болды.
Отан алдындағы ерен еңбегі, дене тәрбиесі мен спортты дамытуға қосқан зор үлесі, жоғары жетістігі және кәсібилігі үшін Ғұсманға және оның егіз сыңары, Орталық спорт клубы дзюдодан команданың бөлімше басшысы, аға жаттықтырушысы Ғұмар Қырғызбаевқа Қорғаныс министрінің бұйрығымен капитан әскери шені мерзімінен бұрын беріледі, - деп атап өтті Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы, Орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов.
Оның айтуынша, егіздерге әскери шенді Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов тапсырады.
Еске салайық, Парижде өтіп жатқан жазғы Олимпиадада Ғұсман Қырғызбаев сербиялық дзюдошы Страхинья Бунчичті жеңіп, қола медальға ие болған еді.