«Самұрық-Қазына» қорының кірісі 7,9 триллион теңгеге жетті
Президент басқарма төрағасына тапсырма берді
Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты қабылдады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Президентке Қордың биылғы бірінші жартыжылдықтағы қызметінің негізгі қорытындылары және алдағы жұмыстарының жоспары таныстырылды.
Нұрлан Жақыповтың айтуынша, Қордың кірісі 7,9 триллион теңгеге жеткен. Бұл белгіленген жоспардан 7 пайызға артық.
Мемлекет басшысына «Самұрық-Қазына» тобының инвестициялық портфелінде жалпы сомасы 53,5 триллион теңге болатын 130-дан астам жоба бар екені баяндалды. Мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, логистика салаларында және тау-кен өнеркәсібінде іске асырылатын жобалар ел экономикасына мультипликативті әсер етеді деп күтіледі.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қордың бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясындағы қайырымдылық жобалары туралы мәлімет берілді. Жыл соңына дейін елімізде 40 оңалту орталығын ашу жоспарланып отыр.
Кездесу соңында мемлекет басшысы инвестициялық және әлеуметтік жобаларды іске асыру, сондай-ақ Қор жұмысын одан әрі жетілдіру жөнінде нақты тапсырма берді.