Астанада қомақты қаржы жымқырған балабақша меңгерушілері сотталды
Cотта олардың кінәсі дәлелденді
Елордада қомақты қаржы жымқырған 5 балақбашаның меңгерушісі мен олардың көмекшілері сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Астана қаласы прокуратурасының мәліметінше, мектепке дейінгі 5 ұйымда меңгерушілер мен көмекшілер тамаққа бөлінген қаржыны ұрлаған.
Бұрынғы балабақша басшылары мәзірге керек азық-түлікті көрсетіп, өтінімдер берген. Олар алдын ала өнім берушімен сөз байласып, құжатта «өнім толық жеткізіледі» деп жазып, жалған мәліметтер енгізген. Қылмыстық схеманың бастамашысы және келісімді тікелей ұйымдастырушысы бұрын сотталған олардың сыбайласы (өнім беруші) болған.
Прокурор сотталушылардың кінәсін дәлелдейтін барлық айғақты ұсынды.
Судья балабақша меңгерушілеріне барлық мерзімге пробациялық бақылау белгіледі. Осылайша, соттың үкімімен олар 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеліп, мәжбүрлі еңбекке тартылып, өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Ұқсас қылмыстар үшін өтелмеген соттылығы болған сотталушылардың сыбайласы 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Жымқырылған 35 млн теңгеден асатын қаражат бюджетке қайтарылды. Үкім заңды күшіне енді.