Қазақстандық спортшы Париж Олимпиадасында сүйіктісіне үйленуге ұсыныс жасады
Олар үшін Париж Олимпиадасының орны ерекше болып қалатыны сөзсіз
Қазақстандық мерген Константин Малиновский Париж олимпиадасында сүйіктісіне үйленуге ұсыныс жасады, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Алғаш рет Олимпиадада ел намысын қорғаған Константин Малиновский сүйгені Арина Алтуховаға сөз салды. Константин өзінің туған күнінде Парижде ғашығына сезімін білдірді.
Осылайша, алматылық спортшылардың 3 жарым жыл бұрын басталған қарым қатынасы жаңа деңгейге көтерілді. Арина мен Константин үшін Париж Олимпиадасының орны ерекше болып қалатыны сөзсіз.
Константин Малиновский Париж Олимпиадасының лицензиясын былтыр қарашада Оңтүстік Кореяның Чханвон қаласында өткен Азия чемпионатында жеңіп алған. Ал сол сәттен бір күн бұрын Арина Алтухова 50 метрден 3 позицияда нысана көздеуде жолдамаға иелік еткен. Константин сол кезде Париж Олимпиадасына барып, Аринаға сөз салу үшін барын салғанын айтады.
«Лицензияны Оңтүстік Кореядағы Азия чемпионатында алдым. Бұл жарысқа тыңғылықты дайындалып бардым. Бір күн бұрын қызым Арина лицензия алғанда іштей: «менің де қолымнан келеді. Одан қалып кетпеуім керек»,- деп ойладым», - деді ол Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі арнайы дайындаған «Олимп жолы» бағдарламасына берген сұхбатында.
«Жарыстарымыз аяқталған соң қалада серуендеп жүрдік. Саябақта болғанда маған тезерлеп жүзігін ұсынып тұрған Константинді көргенде өз көзіме сене алмадым. Менің есімде мәңгі сақталатын сәт болар... Қазір бақыттымын», - деді Арина Алтухова.