Қазақстан боксшысы Олимпиада алтыны үшін жұдырықтасады

Қымбат Елтайқызы

Оның финалдағы қарсыластары осал емес

фото: telegram/Туризм және спорт министрлігі

Еліміздің боксшысы Нұрбек Оралбай Олимпиада алтыны үшін жұдырықтасады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Боксшымыз Нұрбек Оралбай (80 кг) Париж Олимпиадасының жартылай финалында Кристиан Хавьер Пиналесті (Доминикан) жеңді. Төрешілер есебі: 3-2, деп мәлімдеді Туризм және спорт министрлігі.

Нұрбек осыған дейін Париж шаршы алаңындарында Мурад Аллахвердиевтен (ширек финал, Әзербайжан), Каллум Питерстен (1/8 кезең, Аустралия) басым түскен.

Оның финалдағы қарсыласы әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Олександр Хижняк (Украина) немесе 2 дүркін Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы, Панамерика ойындарының 2 дүркін жеңімпазы Арлен Лопес Кардона (Куба) болады, – деп толықтырды ведомство.

Нұрбек Оралбай былтыр Ташкентте әлем чемпионы атанған, Азия чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алған.