Шешім – петиция талабы қанағаттанырылмайды
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев «Уақытты кері қайтару» петициясын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімін жариялады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Министрдің мәлімдеуінше, жұмыс тобы ұсынған барлық дерек пен дәлелдемені, ғылыми зерттеу мен ұсынымды зерделей отырып, еліміздің бірқатар өңірін бір сағатқа кері ауыстыру табиғи күн циклдеріне сәйкес келетіні және ғылыми зерттеулер мен ұсынымдарға негізделгені расталған.
UTC + 5 уақыт белдеуі ел аумағының көп бөлігінде табиғи циклге барынша жақын стандартты уақыт белдеуі. Стандартты уақыт белдеуінің оң әсері туралы негізделген халықаралық ғылыми зерттеулерді және уақыттың ауысуы халықтың денсаулығына кері әсер еткенін растайтын деректердің болмауына байланысты Сауда және интеграция министрлігі петицияны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдады, – деп жазылған министрдің мәлімдемесінде.
Сонымен қатар, жұмыс тобына қатысушылардың дәлелдерін назарға ала отырып, тиісті талдаулар мен қосымша зерттеулер жүргізу қажеттілігі айтылған. Денсаулық сақтау, білім және ғылым министрліктеріне UTC + 5 уақыт белдеуінің алдағы үш жылда халықтың денсаулығына қалай әсер ететіне зерттеу жүргізу ұсынылған.
Ұлттық экономика және энергетика министрліктеріне жылу маусымы мен маусымдық өзгерістерді ескере отырып, өңірлерде электр энергиясын тұтынуға мониторинг және талдау жүргізу тапсырылған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ұйымдар мен кәсіпорындарға күндізгі уақытты ескере отырып, жұмыс кестесін түзету мүмкіндігін түсіндіру ұсынылған.