Қазір қайғылы оқиғаларға себепкер болған азаматтар анықталып жатыр
Атырау облысының прокуратурасы балалар өлімінің жиілеуіне байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Айта кетсек, 4 шілдеде Жеңіс саябағында қыз бала дұрыс бекітілмеген бюсттің құлауы салдарынан қайтыс болды. Бір аптадан кейін, 10 шілдеде балабақшада бала септикке құлап, төрт күннен кейін көз жұмды. 14 шілдеде қалалық орталық бассейнде қыз бала суға батып кетсе, 26 шілдеде субұрқақта (фонтан) тағы бір қыз бала сорғының (насос) салдарынан қайтыс болды.
Сондай-ақ, 27 шілдеде Қызылқоға ауданының Сағыз ауылында жасөспірім мотоциклмен түйеге соқтығысып, алған жарақаттарынан қайтыс болды. Келесі күні көпқабатты үйлердің бірінен 15 жасар оқушы терезеден секіріп, өз-өзіне қол жұмсады.
Әрбір іс біздің ерекше бақылауымызда. Қазір қайғылы оқиғаларға себепкер болған азаматтарды анықтау және оларды жауапқа тарту шаралары жүргізіліп жатыр. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, бұндай фактілерді болдырмауға және болашақта қайталауға жол бермеуге барлық жағдайлар жасалады, – деді облыс прокуроры Бауыржан Жұмақанов.
Қазір өңірде «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасы іске асырылып жатыр. Прокурорлар қиын тұрмыстық жағдайға тап болған 50-ден астам отбасына барып, кәмелетке толмағандар арасында қайыр сұрау фактілерін анықтады. Олардың ата-аналарын жауапкершілікке тарту бойынша шаралар атқарылады.