Салтанатты рәсімнен кейін келіссөздер жүреді
Қазақстанға ресми сапармен келген Конго Республикасының президенті Дени Сассу-Нгессоны «Ақорда» резиденциясында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дени Сассу-Нгессо бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің әнұрандары орындалды.
Салтанатты рәсімнен кейін мемлекеттер басшылары келіссөз залына барып, шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Дени Сассу-Нгессоға ілтипат білдіріп, оның елімізге бұл сапарының тарихи маңызы зор деп бағалады.
Қазақстанға қош келдіңіз! Сіздің бұл алғашқы сапарыңыз екі ел байланыстарын дамытуға тың серпін беретініне сенімдімін. Қазақстан мен Конго арасындағы ықпалдастықты одан әрі дамытуға мол әлеует бар деп есептеймін, – деді мемлекет басшысы.
Дени Сассу-Нгессо құрмет көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Қазақстанның қазіргі саяси және экономикалық дамудағы жетістіктерін жоғары бағалады.
Елдеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығы қарсаңында Астанаға келу – біз үшін зор мәртебе. Бұл сапар саясат, дипломатия және экономика салаларындағы байланыстарды одан әрі нығайта түсетініне, ал екі ел халықтарының достық қатынастарын жаңа деңгейге көтеретініне сенемін, – деді Конго президенті.
Келіссөз барысында тараптар Қазақстан мен Конго арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың даму перспективаларын талқылады. Сондай-ақ халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде жан-жақты пікір алмасты.