×

Қазақстан азаматтығын алатындардан мемлекеттік тілді білетіндігін растайтын сертификат талап етіледі

Ішкі істер министрінің бұйрығы жарияланды

 Ербол Тұрымбет 02.08.2024 | 11:34
Фото: Halyq Uni

Қазақстан азаматтығын алғысы келетіндердің бұдан былай мемлекеттік тілді бастапқы деңгейде білетіндігін растайтын сертификаты болуы керек. Юрист «ПАРАГРАФ» телеграм-арнасының жазуынша, Ішкі істер министрінің 2024 жылғы 29 шілдедегі бұйрығы бойынша, ішкі істер органдарының ҚР азаматтығына қабылдау және ҚР азаматтығын қалпына келтіру мәселелері бойынша өтініштерді қабылдау, ресімдеу және қарау қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Аталған қағидалардың 18-тармағында азаматтық алғысы келетін адамның өтінішхаты, өмірбаяны, фотосуреті, жеке басын куәландыратын құжатының көшірмесі, өзге мемлекет азаматтығы тоқтатылғаны туралы анықтамасы, мемлекеттік баж салығының төленгені немесе оны төлеуден босатылғаны туралы құжаты болуы керек. 

Енді министрдің 29 шілдедегі №592 бұйрығы бойынша солардың қатарына тағы бір талап қосылып отыр. Бұдан былай ел азаматтығына өтініш бергісі келетін адамның мемлекеттік тілді бастапқы деңгейде білетіндігін, Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздерін, сондай-ақ ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындайтын көлемде Қазақстан тарихын растайтын сертификаты болуы керек. 

Азаматтыққа қабылдау немесе азаматтықты қалпына келтіру туралы өтінішхат Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы заңның 17-бабындағы талаптар орындалмаса, қабылданбайды. Сондай-ақ, Заңның 21-бабындағы талаптар сақталмаған жағдайда азаматтықтан айырылады.

Айта кетейік, осы заңның 17-бабы бойынша мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, Конституция негіздерін, сондай-ақ Қазақстан тарихын білмесе, азаматтық алу өтінішхаты қабылданбайды.

Еске сала кетсек, бұған дейін «Азаматтық туралы» заңда азаматтыққа қабылдаудан бас тартудың негіздері нақтыланғанын хабарлаған болатынбыз. Ол бойынша мемлекеттік тілді білмегендер Қазақстан азаматтығын ала алмайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама