Азық-түлік жеткізетін кәсіпкерлерге несие берудің жаңа талаптары енгізілді

Динара Амантай

Бұған дейін қарыз алушыларды іріктеудің нақты ережелері айқындалмаған

Фото: golos-naroda.kz

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізушілерге несие берудің жаңа талаптары мен міндеттемелері қабылданды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Жоғары аудиторлық палатаның мәліметінше, Маңғыстау облысындағы жүргізілген тексеру барысында өңірде азық-түлікке деген қажеттілік басқа облыстардан және көрші елдерден жеткізуді ұлғайту есебінен өтелгені анықталды. Бұл нарықтық бағаның өсуіне ықпал етіп, ол республика бойынша орташа деңгейден асып түскен.

Өз кезегінде өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік коропорация кәсіпкерлерге 0,1% мөлшерлеме бойынша «арзан» несие беру арқылы бағаны тұрақтандыруға тырысқан. Алайда қарыз алушыларды іріктеудің нақты ережелері айқындалмағандықтан, бұл жемқорлық тәуекелдерінің болуына мүмкіндік тудырған. Сондай-ақ, кәсіпкерлер азық-түлікті белгіленген көлемде және белгіленген бағамен сатудың орнына, өз пайымымен баға саясатын жүргізген. Осылайша берілген несие арқылы сатып алынған кейбір өнімдер 51%-ға дейін жоғары бағамен сатылған.

Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата несие берудің осы түрінде бизнеске қойылатын бірыңғай талаптарды айқындау, сондай-ақ бірқатар нақты пәрменді міндеттемелерді белгілеуге тапсырма берді. Нәтижесінде тиісті министрлік 2024 жылғы 15 шілдедегі бұйрығымен Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидаларына өзгерістер енгізілді, – делінген Палата хабарламасында.

Енді тиісті жеңілдетілген несие алу үшін бизнес субъектілері мынадай негізгі талаптарды орындауға тиіс:

  • заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеудің болуы;
  • заңнамаға сәйкес төлеу мерзімі кейінге қалдырылған жағдайларды қоспағанда, салықтар, бюджетке төленетін басқа да төлемдер және БЖЗҚ-ға зейнетақы жарналары бойынша берешегінің болмауы;
  • банктердің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың берген несиелері (қарыздары) бойынша мерзімі өткен берешегінің болмауы;
  • азық-түлік тауарларын сақтауға, сатып алу, дайындық және тарату операцияларын орындауға арналған арнайы жабдықтары бар қоймалар мен үй-жайлардан тұратын инфрақұрылымдық сауда-логистикалық кешенді заңды негізде (меншік құқығы, жалдау, сенімгерлік басқару және тағы басқа) иеленуі;
  • мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінде болмауы;
  • мамандандырылған ұйым алдында немесе атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелердің, сондай-ақ мүлікке шектеулердің болмауы.

Сонымен қатар несие беру шарттарында бизнес үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату, оларды белгіленген бағамен толық көлемде сату кестесін қалыптастыру, сондай-ақ сату фактісін растайтын құжаттарды ұсыну сияқты міндеттемелер көзделеді.