×

Астанада зейнеткерлерді 100 млн теңгеге алдаған алаяқтар ұсталды

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды

 Динара Амантай 02.08.2024 | 10:07
Фото: golos-naroda.kz

Астанада зейнеткерлердің 100 млн теңгеден астам ақшасын иемденген алаяқтар ұсталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, алаяқтар жәбірленушілерге телефон арқылы қоңырау шалып, өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтардан үлкен көлемде ақша алған. Қаскүнемдер терроризмге демеушілік жасауға қатысы бар деген сылтаумен жәбірленушілердің банктік шоттары тексеріліп жатқанын айтқан. Бұл ретте заңсыз операцияның алдын алу үшін астаналықтарға барлық қолда бар қаражатты «қауіпсіз» банктік шотқа аудару ұсынылған.

Осылайша, қаланың 68 жастағы тұрғыны алаяқтарға алданып, оларға 75 млн теңгесін берген. Ер адам ақшаның бір бөлігін, яғни 20 млн теңге мен 35 мың АҚШ доллары көлеміндегі қаражатты такси курьері арқылы беріп жіберген, ал ол өз кезегінде ақша салынған пакетті белгісіз адамға берген.

Тағы бір жағдайда алаяқтар 70 жастағы астаналықты алдап, оның 55 млн теңгеден астам ақшасын иемденген. Ол 59 мың АҚШ долларын және сувенир монеталарды дропперге берген. Қалған бөлігін әртүрлі шоттарға аударған.

 Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында елордалық жедел уәкілдер Павлодар облысының 21 жастағы тұрғынын анықтады. Ол қылмыстық схемада дроппер рөлін атқарған. Жігіттің айтуынша, ол Telegram мессенджерінен осы жұмысты тауып, әрбір осындай көрсеткен қызметі үшін 150 мың теңгеден алған. Қазір шоттарды бұғаттау бойынша санкциялар жіберілді. Қылмыстық схеманың барлық қатысушыларының жеке басы анықталды, – деді елордалық ПД бастығының орынбасары Қуаныш Орынбетов .

Полицейлер алаяқтық фактілері бойынша қылмыстық іс қозғады. Қалған алаяқтардың орналасқан жері анықталып жатыр. Күдікті ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама