Париж-2024: Назым Қызайбай қарсыласын 5-0 есебімен жеңді

Халық үні

Енді ол ширек финалда Колумбия өкілімен жұдырықтасады

фото: Ұлттық олимпиадалық комитет

Боксшы Назым Қызайбай Париж Олимпиадасының ширек финалына шықты.

Бүгін ол бразилиялық Каролайн Барбоза де Алмейданы айқын басымдықпен жеңді. Есеп: 5-0. Енді ширек финалда Колумбия өкілімен кездеседі. Бүгінгі қарсыласы Каролайн Барбоза былтыр Панамерика ойындарының жеңімпазы болған.

Олимпиадада ешбір қарсылас оңай болмайды. Бүгінгі бразилиялық спортшы да мықтылар қатарынан. Қуанышқа қарай, жекпе-жекте жеңіске жеттім. Десе де еш босаңсуға болмайды. Келесі қарсыласым – колумбиялық Валенсия Виктория Ингрит Лорена. Әлем чемпионатында оған есе жіберген едім. Енді тыңғылықты дайындалып, есе қайтару керек, - деді Назым Қызайбай.

Айта кетсек, ол 50 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Ал 75 келі бойынша Париж Олимпиадасына барған Валентина Хальзова алғашқы жекпе-жекте ұтылып, жарыс жолынан шығып қалды.

Тағы бір боксшы қызымыз Карина Ибрагимова 57 келіде бақ сынайды.