Алматыда жетім балаларға арналған заманауи кешен салынады

Динара Амантай

Жобаны 2025 жылдың соңына дейін бітіру көзделген

Фото: Алматы қаласы әкімдігінің бапасөз қызметі

Алматыда «Жанұя» мамандандырылған кешенінің тәрбиеленушілері үшін оқу және спорт залдары бар жаңа кешен мен жатақхана салынады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қала әкімдігінің мәліметінше, нысан 1962 жылы салынған апатты жағдайда тұрған ғимараттың орнында пайда болады. Құрылыс кезінде осы мекеменің 82 тәрбиеленушісі №1 арнайы мектеп-интернатқа орналастырылады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін олар 5-10 тамыз аралығында Оқушылар сарайының жанындағы «Өрнек» лагерінде демалатын болды.

«BI Group» құрылыс компаниясы бизнестің әлеуметтік жауапкершілік аясында ескі ғимаратты бұзып, жаңа заманауи кешен салуды көздеп отыр. Жобаны 2025 жылдың соңына дейін бітіру көзделген, – делінген әкімдік хабарламасында.

«Жанұя» кешенінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған балалар үйі, 4 жастан 18 жасқа дейінгі зияткерлік кемістігі бар балаларға арналған түзету мектеп-интернаты бар.