Көліктерге де, жаяу жүргіншілерге де жүруге тыйым салынады
Шектеу үш күнге енгізіледі, деп хабарлайды Halyq Uni Мемлекеттік күзет қызметіне сілтеме жасап.
Қоғамдық-саяси шараларды өткізуге байланысты биылғы 7 мен 10 тамыз аралығында қаланың жекелеген көшесінде, негізінен «Есіл» (Оңтүстік айналма жол, Қабанбай батыр, Мәңгілік Ел, Ұлы Дала даңғылдары, Достық, Керей-Жәнібек хандары көшелері), «Нұра» (Тұран, Ұлы Дала даңғылдары) және «Алматы» (Тәуелсіздік даңғылы, Ж.Нәжімеденов, Қ.Аманжолов көшелері) аудандарында көліктер мен жаяу жүргіншілердің қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі.
«Дайындық аясында биылғы 3 тамызда бірлескен жоспарлы оқу-жаттығулар өтеді. Іс-шаралар арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, сондай ақ Қарулы күштердің, оның ішінде әскери авиацияның ресурстарын пайдалануды көздейді. Осыған байланысты, Астана тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан іс-шараларға түсіністікпен қарауды өтінеміз», – делінген ақпаратта.