Ол өзінің кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінді
Жітіқара аудандық сотында аса ауыр қылмыс жасалғаны туралы хабарламаған әйелге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сотта анықталғандай, әйел 2023 жылғы мамырдан 2023 жылғы 1 қазан аралығында өткізу мақсатында аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды заңсыз сатып алған, сақтаған және тасымалдаған танысы туралы құзырлы органдарға хабарламаған. Ер адам есірткіні шағын дозаларға бөліп орап, Рудный және Жітіқара қалаларының аумағында көзден таса жерлерге жасырған.
Әйел өзінің кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінді.
Сотталғаның жеке басын, сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, іс бойынша барлық мән-жайларын, сондай-ақ ҚК-нің 55-бабының 2-бөлігінің талаптарын ескере отырып, сот С.-ға пробациялық бақылаумен 3 жылға бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындады, – делінген сот хабарламасында.