Абай атындағы Опера және балет театрындағы дау: министрлік мәлімдеме жасады
Театр барлық өтемақыны төлейтін болды
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының қызметкерлері жұмыстан себепсіз шығарылғандарын айтып, әлеуметтік желіде шағымданды.
1 шілдеге дейін театрда 9 капельдинер жұмыс істеді. Сол күні еңбек демалысына шығу үшін өтініш жазуға барғанымызда бізге жұмыстан босатылғанымыз туралы айтылды. Жұмыстан шығуымыздың себебі келе жатқан театрдың 90 жылдық мерейтойымен түсіндірілді. Біз театрдың заңгеріне бірнеше рет бардық. Ол бізге дөрекі түрде штатты қысқарту туралы құжатты көрсетіп, қолымызға беруден бас тартты, - деді Назерке Әбілқасымова.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының қызметкерлеріне қатысты жағдай қолданыстағы заңнамаға сәйкес театр құрылымын қайта жасақтауға байланысты екенін хабарлады.
Жоғары біліктілікті қажет ететін лауазымдарды жойып, жаңа лауазымдар енгізілуіне байланысты өзгерістер болып отыр. Осы өзгерістерге қатысы бар барлық қызметкерге бос лауазымдар немесе қызмет көрсету шарты бойынша жұмыс ұсынылған, бірақ олар жұмыстан бас тартты. Айта кетейік, театр барлық өтемақыны төлейтін болады, -деп хабарлайды министрліктен.
Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде айтылған жағдайға заңды тұрғыда қызметтік тексеру жүргізіліп, оның нәтижелері кейінірек жарияланатын атап өтті.