Елордада студенттерге арналған 6 жатақхана салынады

Қымбат Елтайқызы

Олар биыл бой көтереді

фото: Жеңіс Қасымбек/Instagram

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек парақшасында биыл студенттерге арналған жатақханалардың салынатыны туралы жазды, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Бас қалаға оқуға келетін студенттер саны жыл сайын артып келеді. Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарының балансында 16 мың орынға арналған 40-тан астам студенттік жатақхана бар. Ал жалпы қажеттілік – 6 400 төсек-орын. Жауапты министрлікпен, университеттермен, инвесторлармен бірлесіп, жатақханалардағы орындарды ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен бірге студенттерге арналған жатақханалардың құрылысымен таныстық», – деп мәлімдеді әкім Instagram парағында.

Биыл МЖӘ аясында алты жатақхана салу және пайдалануға беру жоспарланып отыр. Олар 4,5 мыңға жуық орын құруға мүмкіндік береді. 2025 жылы тағы 2 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сол сияқты өз тарапымыздан жатақхана салу үшін тағы 4 университетке жер телімдерін бөлдік, – деп толықтырды ол.

Оның мәліметінше, былтыр 1800-ден астам төсек-орын ашылды. Сонымен қатар 2023 жылы студенттік жатақханалар салу бойынша жобалық кеңсе ашылды. Фронт-кеңсенің негізгі міндеті – жатақханалар салу бойынша мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау, студенттерді баспанамен қамтамасыз ету, ЖОО-лар мен әлеуетті инвесторларға заңгерлік, консультациялық және сараптамалық қолдау көрсету.